Алматыда Орталық Азия елдерінің «Органик ЭКСПО-2025» форумы өтті. Форумға Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері мен ғалымдары, фермерлер, отандық және шет ел сарапшылары мен бизнес өкілдері қатысты.Кездесуде Қазақстандағы органикалық өнімдердің дамуы мен оның болашағы талқыланды.
Институтымыздың басқарма төрағасы, профессор Бахытжан Әлішерұлы Дүйсембеков өз сөзінде органикалық өнім өндіруде биологиялық әдістерді дамыту – ауыл шаруашылығының бірі болып табылатынын атап өтті:«Химиялық пестицидтердің үлесін азайтатын биологиялық күрес тәсілдері – таза өнім алудың бірден-бір жолы. Барлық ғылым салалары бірігіп жұмыс істегенде ғана біз экологиялық таза әрі сапалы өнім өндіре аламыз», – деді ол.
Қазіргі таңда Қазақстанда 300 мың гектардан астам жер органикалық өнім өндіруге сертификатталған. Бұл бағыттың қарқынды дамуына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдау көрсетіп, ғылыми жобаларды жүзеге асырып келеді.
Бүгінде елімізде 65 шаруашылық органикалық өнім өндіреді, оның 58-і еуропалық стандарттарға сай сертификатталған. Сонымен қатар, Шолпан Оразқызы жетекшілік ететін Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты орталығының ғалымдарымен бірлесіп, тәжірибелік алаңдарда органикалық өнім өндіруге арналған технологияларды үлкен жоба аясында жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ауыл шаруашылығында биологиялық күрес тәсілдерін кеңінен ендіруге жасалған маңызды қадам.
Органикалық ауыл шаруашылығымен айналысатындар экологияны қорғап қана қоймай, халықтың денсаулығына да тікелей оң әсер ететіні сөзсіз.