


Жақында Шығыс Қазақстан облысында орналасқан «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС базасында республикалық деңгейдегі еліміздің аграршылары үшін үлкен маңызға ие іс-шара – «Шығыстағы Дала күні» табысты өтті. Бұл маңызды шара аграрлық ғылым мен өндіріс өкілдерін, мемлекеттік құрылымдарды, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының еншілес ұйымдарын, сондай-ақ Алматы, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген ғалымдар және фермер шаруашылықтарын ортақ мақсат жолында біріктірді.
Аталған Дала күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 267-бюджеттік бағдарламасы — «АӨК субъектілерін ақпараттық қамтамасыз ету» шеңберінде ұйымдастырылып, аграршыларға тұқым шаруашылығы, оны өсірудің заманауи технологиялары, өсімдіктерді қорғау тәсілдері мен мемлекеттік қолдау құралдары бойынша білімін кеңейтуге мүмкіндік берді. Қатысушылар назарына отандық және шетелдік селекцияның озық жетістіктері, майлы, малазықтық, дәнді, бұршақ дақылдарының және картоптың перспективалы жаңа сорттары мен будандары ұсынылды.
Іс-шараға Ж. Жиембаев атындағы Өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты да белсене қатысып, өз бағытындағы ғылыми жетістіктер мен әзірлемелерін таныстырды. Институт Басқарма Төрағасы Бахытжан Әшімұлы «Сау тұқым – жоғары өнімнің кепілі. Фитосанитарлық қауіптерді бақылау және алдын алу» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, өсімдіктерді қорғау шараларының маңыздылығына тоқталды.
Пленарлық отырыс барысында ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков және «ҰАҒБО» КЕАҚ Басқарма төрағасының орынбасары Максим Стула құттықтау сөз сөйледі. Отырыста отандық және шетелдік сарапшылар, атап айтқанда Қазақстан, Ресей, Украина, Польша және Болгария елдерінен келген ғалымдар сөз сөйлеп, өзара тәжірибе алмасып, аграрлық ғылым мен өндірісті байланыстыру жолдарын талқылады.
Іс-шара жоғары ұйымдастыру деңгейімен ерекшеленіп, қатысушылар үшін пайдалы әрі мазмұнды диалог алаңына айналды.
Мұндай форматтағы кездесулер агроөнеркәсіп секторының жаңаруына, инновациялық технологияларды енгізуге және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға зор серпін беретіні сөзсіз.