2025 жылғы 30 шілдеде Қытай Халық Республикасының Куньмин қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне арналған ШЫҰ аясындағы саяси диалогтың Оныншы отырысы өтті. Бұл беделді форум екі негізгі бөлімнен тұрды: алғашқы сессияда ұйымға мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлері аграрлық саясаттың стратегиялық бағыттарын талқыласа, екінші бөлім – халықаралық ғылыми диалог алаңы ретінде ұйымдастырылды. Онда аграрлық ғылым мен технологиялық даму мәселелері терең сараланып, озық тәжірибелер мен шешімдер ұсынылды.

Ауқымды іс-шараны ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігі, Юньнань провинциясының халық үкіметі және бірқатар халықаралық ғылыми мекемелер бірлесе өткізді. Форумның ресми ашылуында сөз сөйлеген Цзинь Кэ мырза, ҚХР Ауыл шаруашылығы және ауылдық істер министрлігі жанындағы Сыртқы экономикалық ынтымақтастық орталығының директоры, қазіргі замандағы ауыл шаруашылығының жаһандық сын-қатерлеріне жауап беру үшін көпжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын ерекше атап өтті.

Қазақстан Республикасының делегациясы құрамында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы министрлер кеңесінің жұмысына қатысты. Ал ғылыми диалогтың екінші бөліміне елімізден қатысқан жалғыз ғылыми өкіл – Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор, академик Бахытжан Әлішерұлы Дүйсембеков болды.

Бахытжан Әлішерұлы өзінің баяндамасында «Ғылыми-техникалық алмасу» бағыты аясында өсімдіктерді қорғау саласына цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына кеңінен тоқталды. Ол Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан инновациялық жобалар мен цифрлық шешімдерді мысалға келтіре отырып, ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі ғылымның шешуші рөлін айқын көрсетті. Сонымен қатар, өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың ғылыми негізделген тұжырымдамаларын ұсынды.