Сақ болыңыздар, жүгері сабақ көбелегі!​

Сабақ немесе жүгері көбелегі-Ostrinia nubiealis Hb. көп коректілігімен көзге түседі. Дақылдардан көбінесе жүгеріні, тарыны зақымдайды. Қазахстанның оңтүстік және оңтүстік шығыс аудандарында таралған, әсіресе Қызылорда облысында жүгеріге, күрішке және басқа дақылдарға зиян келтіреді.

Көктемнің басталуымен жүгері көбелегінің қыстап шыққан жұлдызқұрттар санын есепке алу уақыты келеді. Жүгері көбелегі – көпқоректі зиянкес. Мал азығы өсімдіктерінің 250-ге жуық түрімен қоректенеді, алайда фитофаг жүгері дақылына көп зиян келтіреді. Көптеген шаруашылықтар оны ескерусіз қалдырады және тиісті қорғау шараларын жүргізбейді. Егістіктен жүгері өсімдігінің қалдықтарын жинап алмайтын фермерлер,зиянкестердің қыстауы үшін қолайлы жағдай жасағанын білмейді.   

Ағымдағы жылы қыстап шыққан жұлдызқұрттар санын есепке алу, өткен жылы өсімдіктердің зақымдануы байқалған Еңбекшіқазақ ауданының егістіктерінде ғалымдарымызбен жүргізілді. Ол үшін егістіктерде шахмат тәртібімен 100 үлгі іріктелініп, алынған жүгерінің сабақтары мен орылмай қалған қалдықтарының арасын ашу арқылы әрі қарай дамуға дайын тірі жұлдызқұрттардың, микозбен, бактериозбен залалданған және паразиттелген жұлдызқұрттардың есебін жүргіздік.

Фермерлердің көпшілігі өсімдік қалдықтарын жинамағандықтан, зиянкес қорларының пайда болуына жағдай жасаған. Бірі егістікті жүгері қалдықтарынан тазалап, күзде терең жыртып тастаса, бірі егістікті өртегенімен, жүгері қалдықтарын жинамаған, ал енді бірі егінді жинағаннан кейін алқапты сол қалпында қалдырып кеткен.

 Жүгерінің қалдықтарын өртеп, одан әрі жыртылған алқапта тірі жұлдызқұрттардың саны 4% құрады, жүгері қалдықтары жинаусыз қалған алқаптарда зақымдану 20%-дан 40% – ға дейінгі көрсеткішті көрсетті. Микоз инфекциясы 1-ден 4% – ға дейін, бактериоздар 1-ден 6% – ға дейін, паразиттердің әсері 1-ден 6% – ға дейін және тахин шыбындары қуыршақтарының қоныстануы 1-ден 13% – ға дейін жетті.

Сабақ көбелегінің көбеюі негізінен жауын-шашын мен ауа ылғалдылығына байланысты. Ылғалдылықтың жоғарылауымен аналықтардың өсімталдығы ұлғайып, жұмыртқалардың дамуы жақсарады, жас жұлдызқұрттардың өміршеңдігі артады, жұлдызқұрттардың қуыршақтануы үшін қолайлы жағдай туындайды.

Зиянкестер санының азаюы бірқатар қолайсыз факторларға байланысты. Жұмыртқалар көбінесе ыстық және құрғақ ауа-райында, сондай-ақ тікелей күн сәулесінің әсерінен немесе жаңбыр тамшыларының шайып кетуінен өледі.

Бұл маусым сабақ көбелегіне қолайлы бола ма, жоқ па, уақытты көрсетеді.

стеблевой мотылек
кукурузный стеблевой мотылек
өсімдік қорғау
вредители