защита растений

Токсикология зертханасының бұрынғы меңгерушісі - НҰРЖАНОВ ӨТЕГЕН СҮЙЕУҒАЛИҰЛЫТІҢ дүниеден озғанын қайғыра отырып хабарлаймыз.

Нұржанов Өтеген Сүйеуғалиұлы 13.10.1936 ж. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданының Чапаев ауылында жұмысшы отбасында дүниге келген.

    1954 жылы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне түсіп, 1959 жылы осы институтты бітіргеннен кейін, Республикалық картоп-жеміс шаруашылығының тәжірибелік станциясына жіберілді.

 1961 жылы Ленинград қаласындағы Бүкілодақтық ауылшаруашылық микробиология ғылыми зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түсті. Химик А.Д. Хватовтың жетекшілігімен фотосинтездің белсенділігін, хлорофилл мен қанттың құрамын анықтау үшін талдаулар жүргізді.

       1965 жылы Нұржанов Ө.С. биология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін: «Өсімдіктердің өсуіне витаминтүзуші – микробтар мен гиббереллиннің әсері» тақырыбында диссертация қорғады.

       1968 жылдан бастап В.Р. Вильямс атындағы Егін шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының микробиология зертханасында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарды. Институттың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып – үш жыл қатарынан жергілікті комитетке төраға болып, партия бюросының мүшесі, институттың тәжірибелік шаруашылық жұмысшы комитетінің мүшесі болып сайланып жүрді. 1966 жылы қазан айында, Мәскеу қаласында өткен КСРО ауылшаруашылық жұмысшыларының тұңғыш мерекесі күніне, социалистік еңбек ерлерінен құралған Қазақстандық делегацияны басқарып, Кремльдің съездер сарайында үкіметтің қабылдауында болды. Сонымен қатар, ЦК ВЛКСМ және ВДНХ КСРО (1966 ж.) құрмет грамоталарымен марапатталды.

            1968 жылы сәуір айында конкурстан іріктеліп, Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының, Алматы филиалының спецтехнология кафедрасының аға оқытушысы болды, ал 1970 жылы и.о.доцент, 1974 жылдың маусымында КСРО-тың жоғары және орташа арнайы білім беру министрлігінің, Жоғарғы аттестациялық комиссияның шешімімен доцент атағын алды. Осы жылы көкөніс пен жеміс-жидекті сүрлеудің микробиологиясы мен биохимиясы бойынша Болгария Халық Республикасының Пловдив қаласындағы Жоғары тағам-дәм институтына ғылыми іс-сапарда болды.

    Нұржанов Ө.С. жылыжай аққанаттысына, Ашерсония мен Вертициллиум тобына жататын энтомопатогенді саңырауқұлақтардың әртүрлі штаммдарының әсер етуін зерттеді. 1982-1983 жылдары алма бағының зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылған пестицидтердің ыдырау уақытына зерттеулер жүргізді.

      1982-ші жылдан 1987 жыл аралығында институттың ғылыми жетістіктерін енгізу және насихаттауға көп күш жұмсаған, ғылыми-техникалық ақпараттар мен құжаттандыру тобын басқарды, зертхананың ғылыми зерттеу жұмыстарымен қатар, мемлекеттік және одақтық тақырыптық көрмелерді жүргізді.

     1988 жылдың қаңтарында жаппай сараптау және пестицидтердің қолдану регламентін зерттеу, қазіргі пестицидтер токсикологиясы зертханасына аға ғылыми қызметкер болып жіберілді.

        1990 жылы конкурстан өтіп, аздаған үзілістермен 2008 жылдың сәуіріне дейін осы зертхананың меңгерушісі болып қызмет атқарды. Кейін 2011 жылы жас шамасына байланысты, жетекші ғылыми қызметкер лауазымына ауысты.

            Ө.С. Нұржановтың жетекшілігімен Зертхана ИСО/МЭК 17025 халықаралық стандартқа сәйкес техникалық құзыреттілікке аккредиттелген. Қазіргі уақытта зертхана фитосанитарлық зертханалық талдаудың сынақ орталығына айналды, онда 5 зертхана бар және ірі ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне Республикалық ауқымда пестицидтерді анықтау бойынша қызмет көрсетеді.

            Институтта қызмет атқарып жүрген уақытта, Нұржанов Ө.С. өзін жалпыбиологиялық дайындығы жақсы, ғылыми-оқытушылық жұмыстарда үлкен тәжірибесі бар, білікті маман ретінде көрсете білді. Ол ауылшаруашылық дақылдарын зиянкестерден, аурулардан және арамшөптерден қорғауға арналған әдістемелік нұсқаулар, өсімдік қорғау анықтамалығын (2004 ж.) жасау сияқты институттың көңіл аударарлықтай ғылыми еңбектеріне үлкен үлес қосты. Жүргізілген зерттеулер қорытындысына байланысты, ауылшаруашылығының микробиологиялық, биохимиялық және өсімдік қорғау жұмыстарының нәтижелері бойынша 40-тан аса ғылыми мақаласы жарық көрді.

            Қазіргі уақытта Ө.С. Нұржановтың шәкірттері, биология ғылымдарының кандидаттары Г.Д. Исенова мен Г.О. Рвайдарованың жетекшілігімен зертхана табысты жұмыс жасауда.

            Нұржанов Ө.С. жарымен бірге екі ұл тәрбиелеп өсірді, олар жоғары білім ордасын бітіріп, қазір жақсы жұмыстар жасауда, бес немересі, 4 шөбересі бар.